#MedSafetyWeek – бұл дәрілік заттардың жағымсыз әсерлері туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған жаһандық ақпараттық науқан.

Науқан дәрілік заттар мен вакциналардың қауіпсіздігіне қатысты кең ауқымды тақырыптарды қамтиды:

  • жағымсыз әсерлердің алдын алу;
  • полипрагмазия (бір мезгілде бес және одан да көп дәріні қабылдау) мәселелері;
  • балалар мен жүкті әйелдерге арналған дәрілік препараттарды қабылдау ерекшеліктері;
  • дәрілердің жағымсыз әсерлерін азайтудағы пациенттер мен медицина қызметкерлерінің рөлі.

Сіздің және серіктестердің қолдауының арқасында бұл науқан бүгінде әлемнің 170-тен астам елінде жүзеге асырылуда.

Дәрілік заттардың қауіпсіздігі өзіңізден басталады.
Сіз пациент болсаңыз да, медицина қызметкері немесе денсаулық сақтау саласының өкілі болсаңыз да – әрқайсыңыз дәрілік заттардың қауіпсіздігін арттыруға өз үлесіңізді қоса аласыз.

Белсенді болыңыз –
дәрілік заттарды қолданғаннан кейін байқалған күдікті жағымсыз әсерлер туралы өз дәрігеріңізге немесе Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына

хабарлаңыз.

Медицина қызметкері ретінде сіз дәрілік заттардың қауіпсіздігін және пациенттеріңіздің денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарасыз:
✔ Пациенттермен дәрілік заттардың мүмкін болатын жағымсыз әсерлерін талқылаңыз;
✔ Оларды қалай алдын алуға немесе бақылауға болатынын түсіндіріңіз;
✔ Жағымсыз әсерлер байқалған жағдайда, қайда және қалай хабарлау керектігін көрсетіңіз.

Дәрілік заттардың қауіпсіздігін арттыру – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Қазақстан – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәрі-дәрмектің жағымсыз әсерін бақылау бағдарламасының қатысушысы. Сондай-ақ, елде анықталған жағымсыз әсерлер туралы жедел деректер ДДСҰ-ның мониторинг орталығына жіберіледі.

Дәрі-дәрмекті (оның ішіне екпе де кіреді) қолданғаннан кейін пайда болған жағымсыз әсер туралы хабарлаудың бірнеше әдісі бар.

  1. ДЗСҰО сайтында жағымсыз әсер туралы хабарлама-картаны толтыру.
  2. Дәрі-дәрмек өндірушісіне хабарласу, оның байланыс нөмірлерін әдетте медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтан табуға болады.
  3. DariKZ мобильді қосымшасының "сары карталар" қызметін пайдаланып хабарлама жіберу. Мобильді қосымша iOS және Android платформаларында қолжетімді. Бұл дәрігерлер мен фармацевтер үшін де, ем қабылдаушылар үшін де қолжетімді әрі ең жылдам әдіс болып саналады.

Пациент ретінде сіз де фармакологиялық қадағалау туралы хабардарлықты арттыруға үлес қоса аласыз:
✔ Медициналық қызметкермен дәрілік заттың ықтимал жағымсыз әсерлерін талқылаңыз;
✔ Жағымсыз әсерлер туралы қалай және қайда хабарлауға болатынын біліп алыңыз;
✔ Дәріні қабылдау жөніндегі нұсқаулықты мұқият оқып, дозаны дәл сақтаңыз;
✔ Күдікті жағымсыз әсерлер байқалған жағдайда, бұл туралы медициналық қызметкерге хабарлаңыз.

Бүгінгі таңда әр елде ұлттық иммундау бағдарламасы бар және вакциналар көптеген аурулардың алдын алудың ең қауіпсіз және тиімді шараларының бірі болып саналады. Бес онжылдықта ұлттық жоспарлы иммундау бағдарламалары дамыды және кеңейді, ал бүгінгі күні ДДСҰ ұсыныстарына сәйкес, балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге кем дегенде 13 ауыр ауруға қарсы вакцинациялауды қамтамасыз етеді.