5-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУ
35-бап. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама
1. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама - жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейі бойынша қорытынды шығару үшін медициналық көрсетілетін қызметтердің тиімділігі, толықтылығы және стандарттарға сәйкестігі көрсеткішін көрсететін индикаторлар пайдаланыла отырып жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы.
2. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама ішкі және сыртқы сараптама болып бөлінеді.
3. Ішкі сараптаманы жүргізу үшін медициналық ұйымда пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі құрылады.
Пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруына, клиникалық қызметіне ағымдағы талдауды, медициналық көмек көрсету тәртібі мен стандарттарды бұзу, медициналық оқыс оқиғалар фактілерін анықтауды, сондай-ақ пациенттердің жолданымдарын күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қарауды жүргізеді.
Сараптама нәтижелері бойынша медициналық ұйымның басшысына көрсетілетін медициналық кызметтер сапасының төмендеуінің анықталған себептері мен жағдайларын жою жөнінде ұсыныстар енгізіледі.
4. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сыртқы сараптаманы:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып;
2) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындау мониторингі шеңберінде жүргізеді.
Денсаулық сақтау субъектісі медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелер мониторингінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мониторинг нәтижелеріне медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға шағым жасалуы мүмкін;
3) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшылар өздерін жеке немесе заңды тұлғалар шарт негізінде тартқан кезде;
4) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомствосы ведомстволық бағынысты ұйымдарға қатысты жүргізеді.
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізген медициналық қызметтер (көмек) сапасына сыртқы сараптама нәтижелері бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган медициналық қызметтер (көмек) көрсетуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау үшін талдау жүргізеді.
5. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.